«Өзенмұнайгаз» АҚ бас директорының орынбасары болған лауазымды ұсталды

Ол таяуда ғана Маңғыстаудағы мұнай өндіруші «Қаражанбасмұнай» АҚ бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары лауазымына кіріскен болатын.
Өңірдегі экономикалық тергеу департаменті экс-орынбасардың тендер кезінде заңсыздыққа жол бергенін әшкерелеп отыр.
Ол «Кезби» ЖШС-нің және «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның басқа да мердігер ұйымдарының заңды кәсіпкерлік қызметіне кедергі жасау мақсатында өзінің қызметтік өкілеттіктерін пайдалануда күдікті ретінде танылды. Карамырзаев конкурстың жекелеген қатысушыларының біліктілік талаптарына сәйкес келмейтінін және мұнай-газ саласындағы жұмыс тәжірибесі туралы жалған құжаттар ұсынғанын біле отырып, оларды тендерге қатысуға жіберген. Олардың мүдделерін қолдауды жалғастыра отырып, Қарамырзаев «Кезби» ЖШС-ні компания үшін көрінеу қолайсыз шарттарда ұңғымаларды жерасты жөндеу бойынша шарт жасасуға мәжбүр етті. Сондай-ақ, ол өзінің заңсыз әрекеттерімен «Кезби» ЖШС-нің заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіріп, мыңнан астам қызметкердің құқықтарын бұзған. Әрі мердігер ұйымдардың еңбек ұжымдарында әлеуметтік шиеленіс тудырып отыр, - деп жазылған департамент хабарламасында.
Бұл қамауға алынған лауазымды «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директорының жалғыз орынбасары емес. Маусым айының басында компанияда орынбасар қызметін атқарған Бауыржан Мәмбетсапаев та ұсталған еді.