Қазақстандағы су тасқыны: ТЖМ жаңа мәліметтерді жариялады

Төтенше жағдайлар министрлігі су тасқыны қаупі бар өңірлердегі қазіргі жағдай туралы айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
ТЖМ деректері бойынша, 2024 жылғы 10 сәуір, сағат 10:00-дегі жағдай бойынша Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында 3 444 жеке тұрғын үй, 336 аула аумағы су астында қалып отыр.
Сондай-ақ су шайған 105 автожол, оның ішінде 8 көпір мен 97 жол төсемін жіті бақылауда. Бірлескен күштермен 8,5 млн астам текше метр еріген қар суы сорылған. 2 750 тұрғын үй мен 1 816 аула аумағынан су бұрылған.
Су тасқыны кезеңінің басынан бері 96 472 адам құтқарылды, оның ішінде 31 640 бала. Тартылған әуе кемелерімен 2 823 адам, оның ішінде 865 бала құтқарылды. Уақытша орналастыру пункттерінде 7 605 адам, оның ішінде 3 474 бала бар. Қауіпсіз жерге 82 559 ауыл шаруашылығы жануарлары айдалды, - деді ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш республикалық ақпараттық штабтың брифингінде.
Сондай-ақ ол зардап шеккен аймақтарға 167 935 кг гуманитарлық көмек жеткізілгенін айтты. Тәулік бойы авариялық-құтқару жұмыстарына 24 295 адам және 2 655 техника, 469 су айдау құралы және 139 жүзу құралы, 10 әуе кемесі жұмылдырылған.
Фото: Өркен ЖОЯМЕРГЕН