457.61
493.07
4.99
Рус

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Алматы жұртшылығы Дулат Исабековті ақтық сапарға шығарып салды

Бүгін қазақ әдебиетінің классигі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабековті Алматы жұртшылығы соңғы сапарға шығарып салды.

Қазақстан Жазушылар одағында өткен қаралы жиынға қаламгердің достары, жазушылар мен зиялы қауым өкілдері, жазушының оқырмандары қатысты.

Жазушының досы, белгілі қаламгер Төлен Әбдік, жазушы Бексұлтан Нұржекеев, Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, актер Асанәлі Әшімов, ҚР Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, тағы басқа кісілер сөз сөйлеп, Дулат Исабековтің әдебиеттегі, қоғамдағы өшпес еңбегі туралы айтты.

Дулат Исабеков 1942 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданында туған. 1966 жылы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Жазушы әр жылдары Қазақ ССР Телевизия және радиохабар жөніндегі мемлекеттік комитетінде аға редактор (1967-1968), Қазақ Совет энциклопедиясы бас редакциясында аға ғылыми редактор (1968-1970), «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі (1971-1976), «Жалын» баспасында редакция меңгерушісі (1976-1980), Қазақ КСР Мәдениет министрлігі репертуарлық-редакциялық коллегияның бас редакторы (1980-1988), Қазақ теледидарының бас директоры (1988-1992), «Жазушы» баспасының директоры (1992-1995), Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Қазақстан Мәдениеттану ғылыми-зерттеу институтының директоры болып еңбек еткен.

Дулат Исабеков – қазақ оқырманына кеңінен таныс шығармалардың авторы. Жазушының «Гауһар тас», «Дермене», «Перi мен Перiште», «Тiршiлiк», «Өкпек жолаушы», «Бiз соғысты көрген жоқпыз», «Қарғын» және басқа да кітаптары шыққан. «Шойынқұлақ», «Ақырамаштан наурызға дейiн», «Ескерткiш», «Социализм зәулiмi», «Конфронтация», «Талахан-186», «Бонапарттың үйленуi», «Ай-Петри ақиқаты», «Кемпiрлер», «Шалдар», «Тыныштық күзетшiсi» секілді шығармалары әр жылдары жарық көрген.

Дулат Исабековтің шығармалары бойынша «Гауһар тас» (1975), «Дермене» (1994), «Тауқымет» («Тiршiлiк» повесi бойынша, 1998), «Лоторея» («Ержеткенше» повесі бойынша, 2013), «Балуан Шолақ» («Жаужүрек» пьесасы бойынша, 2019) атты көркем фильмдер мен «Әпке» атты пьесасының негізінде телесериал түсірілген. Ол – түрлі сахналарда қойылып жүрген ондаған пьеса авторы.

Дулат Исабеков шығармалары ағылшын, француз, неміс, орыс және басқа да тілдерге аударылып, пьесалары түрлі елдерде қойылған.

Фото: Мақсат Құсайынов

Самое читаемое