457.61
493.07
4.99
Рус

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

Белгілі сыншы отандық БАҚ-ты сынға алды

Белгілі сыншы, мәдени сарапшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанова «Түркістан» газетіне сұхбат беріп, қоғамдағы өзекті мәселелерге назар аударды.

«Кеңестік кезеңде біздер негізінен бәрі рет­телген моноқоғамда өмір кештік. Бұл сырт­тай қарағанда қоғамға саяси-идеоло­гиялық тұрғыдан әлдебір тұрақтылық, ал адамдарға ментальдық тұрғыдан әлдебір жай­лылық беретін, ал шын мәнісінде ұлттық тарихи сана теңдік алу жолында небір пери­петияларды бастан кеше отырып, тәуелсіздік келгенде қоғамда шын мәнісіндегі саналы да бейсаналы трансформация басталды – ұлттық мақсат-мұраттар ашық түрде алдың­ғы планға шықты. Сонымен қатар сол 90-жыл­дардан бастап идеологиялық, эстети­калық парадигмалардағы өзгерістер аясында гуманитарлық салаларда пәнаралық зерт­теу­лердің маңызы артып, рухани салаларда да небір ізденістер жүрді» дейді өз сұхбатында. Сыншының айтуынша, жаңа құндылықтарды қалыптастыруда баспасөздің орны ерекше.  

 «Заман-Қазақстаннан» кейін бірер жыл «Ана тілі» мен «Жас Алаш», одан кейін жеті-сегіз жылдай тәуелсіз апта­лық «Алтын Орда», «Жас қазақ» газеттері еркін ой мінбері болды. Ал ақын, аудармашы, мәдениеттанушы Әуезхан Қодардың әдеби-мәдени дамуды белгілі бір заңдылықтар жүйесі ретінде қарастырып, әлем әде­бие­тімен салыстыра еркін де қызғылықты тал­дауларын негізінен тәуелсіз басылымдардан оқуға болар еді. Ол кезде «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет ететін мен ақын, мәдениет­танушымен жалпы қоғамдық-рухани ситуа­ция­ны әдебиет жазықтығында қарастыру мақ­сатында «Біз қайда барамыз?» деген та­қырыпта сұхбаттасқанмын. Өкінішке орай, сұхбатымызды әдеби апталық жарияламаған соң, сол кезде қызметтес болған марқұм Жұмабай (Шаштайұлы) оқып шығып, жақсы пікірін білдіріп, «Парасат» журналына ұсын­ған, көп ұзамай жарық көріп (№4, 1996), едәуір резонанс тудырды», – дейді сыншы Әлия Бөпежанова. 

Бұдан соң Әуезхан Қодармен жасаған сұхбаты үлкен резонанс тудырғанын айтады.

«Көркем мәдениет, өмiрдiң өзi сияқты, үне­мi дамып отыратын процесс екенiн қа­шан­­да назарда ұстар болсақ, ғасыр тоғы­сындағы қазақ әдебиетiнде, жалпы өнерде көр­кемдiк-эстетикалық iзденiстер қарқын­ды жүрді, өзгеше жазу дағдысы белең ала бас­тады. Сондықтан да мәдени-филосо­фия­лық кеңiстiкте ой таратып көрудің маңыз­дылығы туды. Әуезхан екеуміздің келесі, өзің айтып отырған «Өнер – өмір, өнер – көркем текст немесе таным тайталастары» сұхба­ты­мыз осы бағытта өрбіді («Қазақ әдебиеті» 21.07.2000). Онда ХХ ғасыр гуманитарлық мәдениетiндегi шешушi ұғымдардың бiрi – өнердің жаңа философиясы, яғни көркем шығарманы көркем мәтін орайында қарас­тыру; батыс әдебиеті әлдеқашан өткен, орыс әдебиетінде ғасырлар тоғысында апогейіне жеткен постмодернизм; әлемдiк мәдениет, әдебиеттiң даму жолынан ешкiм шет қала алмайтындықтан, қазақ әдебиетінің де за­манауи жазу, яғни жаңаша страте­гия­ларды қабылдау немесе жатсыну мәселелері сөз болған еді. Сұхбат үлкен резонанс тудыр­ды. Қызыға ой-пікір қосып, хабарласқандар көп болды, сонымен қатар сұхбаттағы ой-тұжырымдарға, әсіресе, постмодернизмге байланысты ойларға қарсылар да аз емес екен. Өйткені тез арада, апталықтың келесі са­нында бір ақын, екі сыншының мақала­лары «жарқ ете қалды», – деп әдеби ортаның жаңа көзқарасты тосырқай қабылдағанын жеткізеді.

Сондай-ақ, Асқар Сүлеуменов, Әуезхан Қодар, Едіге Тұрсынов, Таласбек Әсемқұлов, Әмірхан Балқыбек секілді зияткер тұлғалардың еңбегі кеш еленеу себептеріне тоқталған.

– Зияткер тұлғалардың қоғамдағы орны қа­шан да жоғары. Өйткені олардың саяси-әлеу­меттік, мәдени-тарихи тұрғылардан қо­ғам­дық құбылыстарды терең талдайтын қа­білеттері маңызды. Философтардың пікі­рін­ше, зияткер қауымның идеялары, зерт­теулері кең талқылауларға және әдетте, көп­шілік арасына кең тарайтын һәм идео­ло­гиялық жобалардың қалыптасуына әсер ететін жаңа танымдар мен мағыналарға не­гіз бола алады. Өзің атап өткен тұлға­лар­дың ішінде аға буынның жазу, ізденіс, зерт­теу аялары ауқымды болғаны белгілі. Идея­лары мен еңбектері ой қозғалысына, рухани із­деністердің жандануына әсер еткен олар­дың айтып-жазғандары әдеттегі дискурстан бөлектеу еді, – дейді.

Қоғамда мәдени сұхббатасудың қажеттігін айта келіп,  «Сұхбаттастық – қоғамды өсіру, ортақ мақ­сат, ортақ құндылықтар төңірегінде бі­рік­тірудің бір жақсы жолы. Мемлекет құрау­шы ұлт ретінде қазақтарға, демек, қазақ БАҚ, электронды БАҚ-тарына, сайттарына үлкен жауапкершілік алу керек болады. Жаңа ма­ғы­налар тудыру, қоғамдағы процестер ашық та салиқалы түрде талқылануы керек. Өт­кен­де «Абай» сайтында Дәурен Қуат жаңа­лық­тар проблемасы туралы жақсы айтты – қай басылым, қай арна, қай сайтты ашып қал­саңыз да бір-бірінен аумайтын пресс-ре­лиз­дік, фейсбуктық жаңалықтар. Кейде тіпті елімізде негізінен шоу-бизнес өмірінен, қыл­мыс пен жол апатынан өзге ештеңе жоқ сияқты», – деген ашынышты пікірін ортаға салған. 

Сыншының пікірінше, «Қазақтың тойы таусылмасын» деп әнші біт­кен, қыз ұзатып, тұсау кесіп, бет ашып де­гендей, бір-біріне қымбат сыйлық жасау жа­рысы да қызып тұр... Психолог, нумеролог, коуч­тар, небір бизнес-жаттықтырушылар қа­лай жақсы өмір сүруді, тез арада баюдың түр-түрін насихаттаудан жалықпайды. Шет­ел­дік өнімдерді сататын желілі маркетингпен байыған ханымдардың да, әйелдер қауымын күшті болуға үндейтін лекцияларынан небір желілер жарылайын деп тұр. Мұның бәрі бел­гілі бір сараптау, талдаудан өткізу, бұл рет­те, зияткер қауымның дауысы естілуі ке­рек емес пе?..

Осылай сұрақ қойған Әлия Бөпежанова қоғамда мәдени сұхбаттастықтың маңыздылығына тоқталған.

Самое читаемое