Батыс өңірде киік мүйізін табысқа айналдырғандар азаймай тұр

Құрманғазы аудандық полиция қызметкерлері 1990 жылы туған аудан тұрғынының жеке үй жайын тексеру кезінде жер астына көмілген 137 дана киік мүйізін және 1 дана қол арасын тауып алғаны туралы ақпаратты жариялады.
Ерекше қорғауға алынған дала жануарының мүйізін ақша табу мақсатында жинаған азаматқа қазір қылмыстық кодекстің 339-бабының 1-1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталған.
Өткен жылы Қазақстанның батыс аймағындағы шаруалар жайылым жерлерді мыңғырған киіктердің таптап, қолдағы малға азық қалдырмайтынын айтып бірнеше рет шағымданған болатын. Кейін олардың санын қолдан азайту үшін атуға рұқсат та сұраған. Алайда ерекше қорғауға алынған жануарды атуға елімізде заңмен тыйым салынған. Соған қарамастан Атырау, Маңғыстау, БҚО, Қызылорда облыстарында киік мүйізін сатуды кәсіп еткендер қатары азаяр емес.
Наурыз айының басында ішкі істер органдарының қызметкерлері Батыс Қазақстан облысында бір тұрғынды тексеру кезінді үйінен 465 дана киік мүйізін тапқан еді. Сонымен бірге, Қызылорда облысында киікті ақша табу үшін аулаған тұрғыннан 130 мүйіз тәркіленді.