Жетісу облысында 7 мыңнан астам балаға полиомиелитке қарсы вакцина егілмеген

Жетісу облысында денсаулық сақтау саласындағы жауапты лауазымды тұлғалардың кінәсінен қажетті вакцина уақтылы сатып алынбаған. Нәтижесінде бір жыл көлемінде 7 мыңнан астам балаға полиомиелитке қарсы вакцина егілмеген. Облыстық прокуратура вакцинация туралы заңнаманың бұзылғанын анықтады.
- Бюджет қаражатын тиімсіз жұмсау, вакцинация туралы заңнаманы бұзу, жалған вакцинация жасау және басқа да заң бұзушылықтарды анықтады. Сондай-ақ, «А» гепатитіне қарсы препараттың артық мөлшеріне қарамастан, 2023 жылы 135 млн теңгеден астам сомаға қосымша 35 мың вакцина сатып алынған, - делінген хабарламада.
Ал заң бойынша вакцинаны сақтау мерзімі 6 айдан аспауы керек.
Қадағалау актісі бойынша облыстың Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасарын қоса алғанда, 11 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ 126 тұлға жалпы сомасы 8,5 млн теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
ФОТО: ИНТЕРНЕТТЕН