Есіл өзенінің суы бір тәулікте 5 метрге көтерілген

«Қазгидромет» РМК СҚО филиалының мәліметінше, өткен тәулікте Сергеев су қоймасының су деңгейі 75 см-ге көтеріліп, бөген 107%-ға толды. Кешеден бері суы ернеуінен асып, төгіліп жатыр.
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Тоқсан би ауылының маңында Есіл өзенінің суы бір тәулікте 492 см-ге көтерілді. Мұндағы қауіпті деңгей – 1 800 см, қазір 1 202 см-ге жетті. Крещенка елді мекені маңында орналасқан гидрологиялық бекетте мамандар су деңгейінің 194 см-ге өзгергенін анықтады.
Есіл ауданының Покровка елді мекенінің маңында 67 см-ге, Қызылжар ауданының Новоникольское елді мекенінің жанында Есіл өзені 36 см-ге көтерілген.
Шағын өзендердің де су деңгейі біршама артқан: Ақанбұрлық өзені Возвышенка ауылының маңында – 172 см-ге, Ковыльное елді мекенінің маңында 132 см-ге, Рузаевка елді мекенінің маңында Шарық өзені 145 см-ге, Гусаковка ауылының маңында Бабықбұрлық өзенінің су деңгейі 129 см-ге көтерілді. Десек те, қауіпті деңгейге әлі жете қойған жоқ.
Фото: qyzyljarnews.kz