Орнықты даму жолындағы оң өзгерістер

Қазақстан коронавирус пандемиясынан бастап жаһандық геосаяси шиеленістерге дейінгі бірқатар сын-қатерге қарамастан, экономикалық дамуда айтарлықтай нәтижелерге жетті. Еліміздің бұл бағыттағы іркіліссіз өркендеу жолын күні кеше Үкімет басшысы Олжас Бектенов «Ілгерілеуге бастаған алты жыл: Қазақстан орнықты даму жолында» атты кең көлемді мақаласында егжей-тегжейлі жазғаны белгілі. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі, мұнай-газ химиясын қарқынды дамыту, инвестиция тарту, түркі мемлекеттерімен ынтымақтастық, әлемдік саяси күштермен байланыс, БҰҰ Қазақстанды теңізге шыға алмайтын елдер арасында ірі ТШИ көлемін алушы ретінде екінші орынға шығарғаны, геосаяси жағдай секілді бірнеше салаларға жеке-жеке тоқталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен атқарылған кешенді жұмыстар туралы Премьер-министр мақаласына орай сарапшылар да үн қосып отыр.
Үкімет басшысы мақаласында отандық тауар өндірушілерін қолдау – Президент басымдық берген негізгі бағыттың бірі ретінде атап өтті. Экономист Бауыржан Ысқақов бұл жобалардың ел экономикасына тигізер әсері зор екенін айтады.
Біріншіден, жаңа жұмыс орындарының ашылуы халықтың тұрмыс-тіршілігінің оңалуына жол ашты. 2023 жылы 26 мың адамның еңбекпен қамтылуы жеңіл өнеркәсіптің дамуына, сол арқылы экономиканың әртараптануына ықпал етті. Қазақстан әлемдік нарықта бәсекелестік көшіне ілесті деуге болады. Отандық экономиканы еселеп отырған тағы бір бағыт - инновациялар мен технологиялардың экономикаға дендеп енгізілуі. Соның нәтижесінде экспорттық әлеуетіміз арта түсті. Өнеркәсіптегі жобалар көбейгені қуантады. Экспортқа жөнелтілетін өнімдердің көлемі ұлғайып, сыртқы саудаға шығарылатын отандық тауарлар еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырды. Сонымен қатар, инфрақұрылымдық нысандардың салынуына ірі инвестициялық жобалар оң әсерін тигізіп отыр, -дейді қаржыгер.
Бектенов Мемлекет басшысының белсенді дипломатиялық күш-жігерінің арқасында өзге елдермен сауда-экономикалық ынтымақтастық дамығанын нақты цифрлармен көрсетіп берді. Айталық, соңғы алты жылда сыртқы сауда айналымы бір жарым есеге, 94,8 миллиард доллардан 141,4 миллиард долларға дейін өссе, экспорт көлемі 61,1 миллиард доллардан 81,6 миллиард долларға жеткен.
«Индустрияландыру бағдарламасы аясында машина жасау саласындағы өндіріс көлемі үш есеге артып, 1 трлн теңгеден асып отыр. Одан кейін мұнай және химия саласы. Полимерлер, композиттік материалдардың, химиялық реагенттердің өндірісі жолға қойылғанын көруге болады», - деді Б.Ысқақов.
Премьер-министр мақаласында еліміздің аграрлық саладағы жетістіктеріне айрықша тоқталды. Атап айтқанда, астықтың былтырғы рекордтық өнімі ауыл еңбеккерлерін мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін көрсетеді. Алты жыл ішінде агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға 2,5 триллион теңге бөлінді, бұл ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 1,8 есеге, яғни 8,3 триллион теңгеге дейін өсуіне ықпал етті. Ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтылған бір адамға шаққанда еңбек өнімділігі бес жыл ішінде екі есе өсіп, 4,2 миллион теңгеге жетті. Ал, азық-түлік өндірісінің көлемі 2,1 есе ұлғайған.
Мәжіліс депутаты, аграрлық мәселелер комитетінің хатшысы Еркебұлан Мәмбетов агроөнеркәсіпті қаржыландыру мәселесін парламент мінберінен біраз уақыттан бері көтеріп келе жатқанын айтады. Кейінгі жылдары кезең-кезеңімен субсидияландыру жұмысы қарқын алған.
Саланы субсидиялауға 1,5 триллион теңге қаражат керек еді. Осы маңызды мәселенің шешімін тапқанына міне, 2 жыл көлемі болды. Бұл үлкен мемлекеттік қолдау. Сонымен қатар, шаруалар 5 пайыздық жеңілдетілген несиемен қамтылды. Аталған сома 2-3 жыл бұрын 145 млрд болған. Былтыр 300 млрд-қа жуық ақша бөлінді. Үкімет 2025 жылы оның мөлшерін 700 млрд-қа дейін, 2028 жылға қарай 1,5 триллионға жеткізу бойынша жұмыс істеп отыр. Ауыл шаруашылығы экспорт жөнінен де алдыңғы қатарға шыққанын атап өтуге тиіспіз,- дейді депутат.
Бұдан бөлек, құрылыс индустриясы да рекордтық қарқынмен өсті. 2024 жылы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 6,4 миллион шаршы метрге немесе 51,4%-ға артып, 19 миллион шаршы метрге жетті. 2019–2024 жылдар аралығында барлығы 97,8 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл қазақстандық ондаған мың отбасыға жылжымайтын мүлік сатып алуға және тұрмыс деңгейін жақсартуға ықпал етті.
Үкімет басшысы жолдардың құрылысы мен оларды жөндеу жұмыстары Президенттің тұрақты бақылауында екенін жеткізді. Соңғы алты жылда республикалық маңызы бар 4,4 мың шақырым автожолдарды, оның ішінде Орталық – Шығыс, Орталық – Оңтүстік, Талдықорған – Өскемен, Ақтөбе – Атырау – Астрахан және басқа да күре жолдарды реконструкциялау аяқталды. 2024 жылы 12 мың шақырым көлік магистралі құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылды, оның 8 мың шақырымы – республикалық, ал қалған 4 мың шақырымы жергілікті жолдарға тиесілі. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Алдағы уақытта да экономиканы әртараптандыру жұмыстары жалғаса бермек.
Фото: ЖИ