Солтүстік Корея Оңтүстік Кореямен шектесетін жолдарды жарып жіберді

КХДР Оңтүстік Кореяға апаратын жолдардың өз жағындағы учаскесін жарып жіберді. Бұл туралы Yonhap хабарлайды.
- Солтүстік Корея әскери демаркация сызығының солтүстігіндегі Кенги мен Донхэ жолдарының бөліктерін жарып жіберді, - деп хабарлады Оңтүстік Корея қарулы күштері штаб бастықтарының Бірлескен комитеті.
Әскерилер осыған байланысты бақылау мен жауап беру мақсатында дайындықты күшейткендерін мәлімдеді.
Өткен аптада Корея халықтық армиясының Бас штабы 9 қазаннан бастап Оңтүстік Кореямен байланыстыратын барлық автомобиль жолдары мен теміржолдарды жауып тастайтынын ескерткен еді.
- Корея түбегінде қалыптасқан өткір әскери жағдай біздің армиядан мемлекет қауіпсіздігін одан әрі сенімді қорғау үшін шаралар қабылдауды талап етеді, - делінген Солтүстік Корея Бас штабының хабарламасында.
- Біздің әскеріміздің Корея Республикасымен оңтүстік шекараны тұрақты жабуы мен қоршауы - қазіргі жағдайда соғыстың алдын алу және КХДР қауіпсіздігі үшін өзін-өзі қорғау шарасы, - деп мәлімдеді Пхеньян билігі.
Фото: pravda.com